Ата-аналарға психологиялық ағартушылық және кеңестер » Ә.Әлімжанов атындағы орта мектебі
Жетісу облысы білім басқармасының
Алакөл ауданы бойынша білім бөлімінің
"Ә.Әлімжанов атындағы орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72636) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72636) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Ата-аналарға психологиялық ағартушылық және кеңестер
09
январь
2023

Ата-аналарға психологиялық ағартушылық және кеңестер


Ата-аналарға психологиялық ағартушылық және кеңестер
1-сынып оқушысының психологиясы
\1-сынып ата-аналарына дәріс\
Мектепке келу әр баланың өміріне өзгеріс енгізеді. Мектепке дейінгі шақта оның өмірінде ойын маңызды болса, енді ол шектеулі және көптеген талаптар, міндеттермен толықты: енді бала күн сайын мектепке барады, жүйелі және күш сала еңбектенеді, күн режимін сақтайды, мектеп өмірінің түрлі ережелері мен  нормаларына бағынуы, мұғалімнің талабын орындауы, сабақ үстінде нақты мектеп бағдарламасымен айналысуы, уақытылы үй тапсырмасын орындауы – оқу жұмысында жақсы жетістікке жеткізеді.
Өмірінің бұл кезеңінде баланың психикалық тұлғасы, ақыл-ой және танымдық мүмкіндіктері, сезім және қобалжу аймағы, қарым-қатынас ортасы өзгереді. Өзінің жағдайын бала сезіне бермейді, бірақ оған қобалжиды: ол оқушы болып есейгеніне қуанады. Оған жаңа жағдайы ұнайды. Көптеген «болады», «болмайды», «тиісті», «дұрыс», «дұрыс емес» деген сөздер бірінші сынып оқушысына әсер етеді. Бұл ережелер мектеп өмірін ұйымдастыруға, баланы жаңа оқу әрекетіне баулуға арналған. Талап және ереже кейде баланың қызығушылығын жояды. Бұл талаптарға бала бейімделуі керек. Көптеген бірінші сынып оқушылары бұл міндетті тиісті дәрежеде атқара алады.
      Көптеген психологтар пікірінше, дені сау, білуге құмар, өзіне сенімді, басқа адамдармен қарым-қатынас орната алатын бала еш кедергісіз мектеп өміріне араласып кетеді. Бірақ та мектептегі оқудың бастамасы әр балаға күшті стрес .
          Барлық балалар қуаныш сезіміне толқып, шаттанып немесе мектепте болғанына таңырқайды. Бірінші сыныптың бірінші күні немесе бірінші аптасында баланың оганизімінде өзгерістер болады; ұйқысы бұзылуы, тәбеті нашарлауы, дене қызуы көтерілуі, созылмалы ауырулардың асқынуы мүмкін. Бала ешқандай себепсіз қыңырлық мінез танытып жылауы мүмкін.
          Физиологтардың айтуынша, 6 жасқа қарай баланың үлкен миының жартысының қабығы толысады. Бірақ та адамның бас миының бағдарламаға жауап беруші психикалық әрекеттердің қиын формаларын бақылау және реттеуші бөліктері бұл жаста қалыптасып болған жоқ. 1-сыныптар жеңіл ауытқиды, ұзақ тұрақты жұмысқа қабілеті төмен, тез шаршайды, эмоционалды әсершіл келеді. Қимыл дағдылары, қолдың қозғалыстары қалыптаспағандықтан жазуды меңгеруде, қағазбен және қайшымен жұмыста қиыншылықты сезінеді.  1-сыныптың оқушысының зейіні нашар, еріксіз есте сақтау жақсы дамыған. Ерікті еске сақтау арнайы әдіс тәсілдерді қолдану арқылы дамиды, ойлау көрнекі- бейнелік образдық түрінде. Бұл көрнекі құралдар негізінде жүзеге асады.
         Мектептегі 6-7 жасар баланың бойы әрі қарай өседі, салмағы артады, бұлшықеті дамиды, сүйегі қатая түседі. Осы жастағы балалар қимыл-қозғалысқа өте бейім келеді. Баланың осы табиғи қажетінің орындалуына ылғи да мүмкіндік беріп отыру керек. 
         Мектеп есігін ашқаннан-ақ бала пихикасы белгілі арнамен дами бастайды. Мектептегі оқудың өзіндік ерекшелігі бар. Оқу бала үшін негізгі әрекет болып табылады. Оқу материалдарын орындау оған арнайы міндет болып жүктеледі.
        Оқудың бірінші жылы мектеп өмірінің барлық кезеңін айқындайды. Осы кезеңде оқушы үлкендердің басшылығымен өз дамуында маңызды қадам жасайды. Бұл жылда көпшілігі  1-сынып ата-анасына байланысты болмақ. 

Педагог-психолог: Мольтишев А.Ш











5-сыныптағы бейімделу кезеңінің қиындықтары 
\ 5-сынып ата-аналарына \

Оқушылардың бастауыш буыннан орта буынға көшкен кезеңін бейімделу кезеңі дейміз. Мектепте оқыту жағдайлары түбегейлі өзгеріске ұшырайды, балалар негізгі мұғалімнен сынып жетекшісі, пән мұғалімдер жүйесіне ауысады, оқу бағдарламасы күрделенеді. Балалар бұл ауысуды өмірдегі маңызды қадам деп қабылдайды. Бір мұғалімнен әртүрлі талаптары, мінез-құлқы бар, әрқилы қарым-қатынас стильі бар бірнеше мұғалімдерге ауысуы, көп балалар үшін үлкеюдің сыртқы көрсеткіші болады. Бастауыш сынып соңындағы қызығушылықтың төмендеуі өзгерістер күту сезімімен ауысады. Олар мектепте қызық болады деп күтеді. Жаңа ортаға келгенде балада өзгерістер пайда болып, оқушыларда мәселелер туындайды:
  • Балалардың мінезі өзгереді
  • Көңіл-күйлері бұзылады
  • Оқу үлгерімі төмендейді
  • Мазасыздық, қобалжу сезімдері жиілейді
  • Тәртібі нашарлайды
  • Қарым-қатынасқа түсуі қиындайды
  • Теріс қылықтар, жағымсыз қасиеттер пайда болады

Сонымен қатар 5-сынып оқушыларында көбінесе алаңдаушылықтары пайда болады:
  • Өзін-өзі көрсетуден қорқады
  • Білімін тексеруден қорқады
  • Мұғаліммен қарым-қатынастан  қорқады
  • Мұғалімнің, үлкендердің ойынан шықпай қалудан қорқады

Бейімделу кезеңі ұзақ мерзімді және осы кезде оқушыларда физиологиялық  ерекшеліктер пайда болады. Орта кезеңге бейімделу кезеңде балаларда көп қозғалу немесе тежелу, бас ауру, нашар ұйықтау, тамақтануға тәбетінің жоқтығы байқалады. Бейімделу процесінің ұзақ болуы да бала денсаулығына байланысты. Физикалық дамуы жақсы жетілген, ағзасының барлық жүйелері жақсы жұмыс істейтін дені сау балалар ми және физикалық жүктемені жеңіл көтереді. Сол себептен ата-аналар баланың денсаулығына, баланың таза ауада жүруіне, тазалық гигиенаны сақтауына, дұрыс уақытымен тамақтануына мән беру қажет. Сонымен қатар отбасында болатын дау-дамай, ұрыс-керіс, кездесетін шиеленісті жағдайларды болдырмау керек, бұндай жағымсыз жағдайлар өсіп кележатқан  баланың психикасын бұзып, баланың мінез-құлқы тәртібі бұзылады, бала мазасыздану, үрей, қорқыныш т.б патологиялық сезімдерге, стресс жағдайына ұшырауы мүмкін. Сол себептен ата-аналар балаларға мейіріммен, сүйіспеншілікпен, түсіністік көзқараста қарым-қатынас жасау қажет.
     Баламен үйде үнемі сөйлесіңіз, сөйлесе  білу де үлкен өнер, бала көптеген сұрақтар қоя беру мүмкін, бала сұрағына түсіндіре жауап берсеңіз, олардың ой-өрісі дамып, дүниетанымы кеңейеді, сонымен қатар бала өзінің ішкі ойын сізге айтатын болады. 
     Балаға – жасаған ісін талдап, дұрыс, бұрыс екендігін ашып, дәлелдеп көрсетіп, түсіндіріңіз. Бірден жазалауға тырыспаңыз.
     Сыныптағы баланың орнын, балалармен қарым-қатынасын біліп отырыңыз.
Балаңыздың сабақ үлгерімін біліп, әр сабақтан беретін пән мұғалімдерімен байланыста болыңыз.  Балаңыздың досы кім, тағы қандай балалармен араласатынын анықтаңыз. Балаңызды кемітіп, басқа балалармен салыстырмаңыз. Баламен күнделікті қандай сабақтан қандай тақырып өткендігін, өзінің не істегендігін сұрап отырыңыз. Баланы еш қадағалаусыз қалдырмаңыз.
     Бейімделудің алғашқы кезеңінде оқу мотиві балада әлсіз болады, бұл жаста оқудың танымдық мотивациясы және жігері балада аз дамыған, олар оқу іс-әрекеті кезінде бірте-бірте қалыптасады. Баланың оқу әрекеті баға алу үшін емес, жаңаны тану қажеттілігіне негізделуі тиіс. Бұл қажеттілік білімді меңгеру процесінде яғни мұғалімнің оқушымен  жұмыс жүргізу кезінде туындайды.
Педаго-психолог: Мольтишев А.Ш



27.10.2022жылы жалпы ата-аналар жиналысында ата-аналарға «Буллинг және кибербуллинг»
тақырыбында дәріс оқылып, ата-аналарға кеңестер берілді.
Мақсаты: Ата-аналарға буллинг және кибербуллинг туралы мағлұмат беру, оқушылар арасында буллинг және кибербуллингтің алдын алу.
Буллинг және кибербуллинг
  • Буллинг (bullying) ағылшын тілінен аударғанда – қорқыту, кемсіту, мұқату, қорлау, қудалау, мазалау, қоқанлоқы көрсету, бопсалау, ұрып-соғу, немесе басқаша зақым келтіру  дегенді білдіреді. Адам үйде, мектепте, көшеде, автобуста, интернетте жалпы айтатын болсақ кез-келген ұжымдық ортада   буллингкке ұшырауы мүмкін. Бұл кез-келген адамның басында болатын жағдай. 
Буллинг түрлері:
  • Физикалық – біреудің мүлкіне зиян келтіру, ұрып-соғу немесе кез- келген күш қолдану.
  • Жыныстық қатынас – қалауынан тыс физикалық байланыс немесе жыныстық қорлайтын пікірлер.
  • Вербалды – мазақтау, сөзбен қорлау, қорқыту және дәлелсіз ауыр сөздер көмегімен қорлау ат қою, сарказм, қауесет тарату.
  • Кибербуллинг – интернеттің барлық саласында, соның ішінде электронды пошталар мен интернеттегі чат арқылы буллинг, мәтіндік хабарлар мен қоңыраулар арқылы мобильді қауіп-қатер, тиісті технологияларды, мысалы, камералар мен видеоларды орынсыз пайдалану.
Кибербуллингтің зорлық-зомбылықтың басқа түрлерінен айырмашылығы, бұл ренжітушіге өзін аноним ретінде сақтауға және сол арқылы өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік береді. Бұл балаларға қауіпті атмосфераны туғызады.
  • Әлеуметтік психологиялық буллинг.  Психологиялық зорлық-зомбылық дегеніміз адамның қадір-қасиетін кемсітуге, елемеуге, бас тартуға, бақылауға немесе әлеуметтік оқшаулауға бағытталған әдейі вербалдық және мінез-құлық әрекеттерінің жиынтығы.
Экономикалық-материалдық буллинг – бөтеннің мүлкіне зиян келтіру, бопсалау. Мысалы, күш қолдану немесе қорқыту арқылы бірдеңе, әсіресе ақшаны, заттарды мәжбүрлеумен талап ету. Мұндай әрекеттер жәбірленушіге тек материалдық ғана емес, сонымен қатар физикалық және моральдық зиян келтіреді. 
Бала буллингкке кез-келген ұжымдық ортада   ұшырауы мүмкін. Айта кету керек, кейбір балалар бір мезгілде бірнеше буллингтің құрбаны болуы мүмкін. Мысалы, бала зорлық -зомбылықты үй жағдайында және интернет желісі арқылы да  қосымша көруі мүмкін. Бұл балаларды аутодеструктивті мінез-құлыққа  итермелейді.
Буллингтің пайда болу себептері мен факторлары:
Зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдік жаста агрессияның пайда болуының негізгі себептері:
  • ата-ана сүйіспеншілігі мен қамқорлығының, қадағалауының, тиісті тәрбиенің  болмауы
  • жыныстық жетілу және психологиялық өсу
  • тұқым қуалаушылық 
  • өзіне назар аударту ниеті болып табылады. 
Отбасындағы зорлық-зомбылықты яғни (отбасында ата-анасының ішімдікке салынуы, ата-анасының ұрыс-керіс, дау-жанжалдары, ата-анасының ажырасуы, ата-ананың балаларды ұрып-соғуы, ауыр жұмысқа салуы, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі  т.б) жағдайларды  бастан кешірген балаларда  қалыпты отбасында тәрбиеленген   балаларға қарағанда ашулануға  және физикалық агрессияға  бейімділік   жоғары болады.  Бұл отбасында ата-аналардың зорлық-зомбылықты, төбелесті,   ұрыс-керісін көріп өскен немесе психологиялық және физикалық зорлық -зомбылыққа ұшыраған балалар үнемі ашу-ыза мен физикалық агрессияға бейім болады. Сондай-ақ күрделі отбасылық жағдай, тиісті тәрбиенің жоқтығы бала мен ата-ананың арасындағы байланыстың төмен болуынан балалар буллинг және кибербуллинг жағдайын жасауға бейімділіктері жоғары  болуы мүмкін. Бұндай балалардың мінез-құлқы агрессивті болып келеді. Бұл қауіпті мінез-құлық. Бұндай мінез-құлықты балалар басқаларды қорлауға немесе жарақаттауға бейім келеді. 
Агрессивті мінез-құлықты балалар неге ондай әрекет жасайды? Өйткені басқаларға билік жүргізе алатындығын сезінеді және басқаларға өзінің күшті екендігін осылай көрсетеді. Бұл балалардың агрессиясы өзінің толық емес сезімінен туындайды.
Агрессивті мінез-құлықты балалар қайдан пайда болады:
  • Балаға ата-аналар тарапынан физикалық және вербалды агрессияның болуы
  • Ата-ананың махаббаты мен назардың жетіспеушілігі. Ата-ана тарапынан қадағалаудың, тиісті тәрбиенің жоқтығы
  • Ата-ананың баланы шектен тыс әлпештеуі
  • Жыныстық жетілу - қандағы гормональды өзгерістер кезінде тестостерон мен адреналин артады. Бұл агрессияның артуына әкеледі, біреуді азаптауға құмарлық пайда болады.
Қазіргі қоғамда агрессивті мінез-құлықты насихаттау және көтермелеу басым: 
- теледидарда
-  интернетте
-  компьютерлік ойындарда 
Буллинг қатысушыларының психологиялық бейнесі
АГРЕССОР /БУЛЛЕР 
  • Өзін-өзі бағалауы төмен жасөспірім, ол басқаларды кемсіту есебінен көтерілуге тырысады; 
  • Қандай жолмен болса да көзге түсуге ұмтылады; 
  • Агрессивті, қатыгез, үстемдік пен манипуляцияға бейім; 
  • Отбасында және балалар мен ата-ана аралық қатынастарындағы қиындықтары бар. 
  • Агрессорлар жайсыз отбасылардың балалары да, материалдық жағдайы жоғары отбасылардың балалары да болуы мүмкін.
  • Агрессорлар кімге қатысты зорлық-зомбылық көрсетуді таңдайды.
  • Олар зорлық-зомбылықты қашан және қайда жасауды мұқият ойластырады. Олар өз әрекетін қалаған уақытында тоқтатуы мүмкін.

Құрбан, жәбірленуші
  • Көп жағдайда өзіне сенімсіз
  • Гиперэмоционалды
  • Ренжігіш, тұйық, шешімін таба алмайтын
  • Үрейлі балалар құрбандар болады. 
  • Олар өзін - өзі ақтауға бейім және жиі шабуылдарды лайықты деп санайды. Кез-келген физикалық және психологиялық ерекшеліктері бар, интеллект деңгейі төмен және оқудағы қиындықтары бар балалар да қауіп-қатерге ұшырайды.
  • Психологтер барлық зардап шеккендерге тән ерекшеліктерді көрсетеді – ол зардап шеккендерге айдап салуға агрессивті түрде мүлдем қарсы тұру мүмкіндігінің болмауы. 

Бақылаушылар
-  Қысым жағдайына тартылған жасөспірімдер мен балалар.
- Олар соққыға қалуға немесе жаңа құрбанға айналуына қарамастан зардап шегушіні қорғауға немесе кикілжіңге араласпай пассивті көзқарас ұстанады.
- Сондайақ бақылаушы белсенді түрде агрессорға қолдау көрсетіп соған да қосылуы мүмкін. 
       Буллингтің барлық түрлері оқуға және үлгерімге кері әсерін тигізеді. Буллингтің салдарынан баланың оқуға деген ниеті жоғалуы мүмкін және ол сабақты себепсіз босата бастайды.
«Біз біргеміз» ата-аналарға арналған тренинг
Мақсаты: Отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға өзара түсінушілікте ата-аналар мен балаларға қолдау көрсету. 
«Қызықты сұрақтар»  доп лақтыру ойыны. 
Кез-келген ата-анаға мен қолымдағы допты лақтыру арқылы сұрақ қоямын, қолына  допты алған ата-ана қойылған сұраққа бірден жауап беруі керек.
Қойылатын сұрақтар:
1. Балаңыздың туған күні?
  1. Балаңыздың сынып жетекшісінің толық аты-жөні қалай?
  2. Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
  3. Балаңыздың сүйікті асы не?
  4. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
  5. Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
  6. Балаңыз 1-сыныпқа қай жылы барды?
  7. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?
  8. Балаңыз қай пәнді ерекше қызығушылық танытып ұнатады?
  9. Балаңызға орыс тілі мен ағылшын тілі пәнінен қай мұғалім сабақ береді?
  10. Балаңыздың парталас көршісі кім?
  11. Балаңызға күнде қанша сабақтан болды?
  12. Балаңыздың досы кім?
  13. Балаңызға математика пәнінен қай мұғалім сабақ береді?
  14. Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен, қандай сөз аузыңызға түседі?
  15. Балаңыз қандай сабақтан қиналады?
  16. Осы  тоқсанда балаңыздың неше сабағына қатынастыңыз?
  17. Балаңыз мектепке келген кезде алдымен қандай сұрақ қоясыз?
  18. Балаңыз Сізбен сырласама?
                 Халық даналығы былай дейді: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң  - онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң – онда ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң – онда бала тәрбиеле». Тәрбие ешқашан үзіліс, демалыс күндерді білмейді. Ендеше ата-аналар қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер олардың ең басты үлгі болар бейнесі екендігімізді ұмытпайық.

































Ата-аналарға кеңес

1.Өз балаңызды құрметтеңіз, баланың еркінен тыс бірнәрсе жасуаға мәжбүрлемеңіз және басқаларға да жол бермеңіз?

2.Егер сіз көршінің баласы зорлық-зомбылық және ата-аналарының тарапынан соққыға ұшырағанын білсеңіз, онда ол туралы полицияға дереу хабарлаңыз.

3. Егер сіз балаңыздың мінез-құлқынан оғаш қылық байқасаңыз, оны мазалап жүрген мәселе жөнінде сөйлесіңіз.

4. Жыныстық өмір туралы ұлыңызбен әкесі сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет

5. Қыз балаларға анасы қарама-қарсы жыныстағылармен   өзін қалай ұстау керектігін түсіндіру қажет.

6. Егер балаңыз сізге күйеуіңіздің оған деген оғаш қылықтары, дөрекіліктері туралы айтса, оның сөзіне құлақ салыңыз, балаңыздан қымбат ештеңе жоқ екенін есіңізден шығармаңыз.




















Ата-ана балаңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

Бала өнегелi болса сөз жоқ, ол көрiктi болады. Сiз, құрметтi ата-ана, ұлыңыздың немесе қызыңыздың мектепте нашар оқығанын қаламайтыныңыз белгiлi. Ал “кейде” не  “күнде” балаңыз   нашар баға алса, онда оған ренжисiз, сөгесiз, тiптi тiлдеп те жiбересiз.
Сондай кезде баламен ұрыс-керiс тудырмай-ақ түсiнiсiп, жөн сiлтеуге бола ма? Әрине, болады.
Ендеше психологиялық тұрғыдан берiлетiн төмендегi 14 кеңеске құлақ түрiңiз.

  1. Таңертең /не түсте/ бала сабаққа барарда баланы жайлап қана оятыңыз. Сiздiң биязы үнiңiз бен күлкiңiз-ақ ұйқысын ашуы тиiс. Кешегi бiр терiс қылықтарын айтып, босқа түкке тұрмайтын нәрсеге жүйкесiн жұқартпаңыз.
Яғни, тамағын iшпей жатып ұрыс-керiс ұйымдастырмаңыз.
  1. Егер балаңыз сабақтан кешiгетiндей болып жатса, онда “бол да болдың” астына алып айқайламаңыз. Оны ертерек оятпаған өзiңiз кiнәлiсiз;
  2. Баланы сабаққа /әсiресе, таңертең/ ашқұрсақ түрiнде жiбермеңiз;
  3. “Бұзақы болма”, “Қисалаңдамай тыныш жүр”, “Бүгiн төмен баға алсаң, құртамын” деген ескертулердi жиi айта бермеңiз. Керiсiнше, оған жылу сыйлап, жақсы баға алып келуiне тiлектестiк бiлдiрiңiз;
  4. Есiктен кiрмей жатып, “Бүгiн қандай баға алдың?” деп бас салып балаңызды сұрақтың астына алмаңыз, оның сабақтан шаршап келгенiн ескерiңiз.
Егер бала әлденеге ренжiп келсе, бiрдеңенi айтпақшы болса, “сенi тыңдауға уақытым жоқ” демей, арнайы көңiл бөлiп, мұқият тыңдаңыз;
  1. Бала әлденеге ашуланып жүрсе, үндемеңiз. Сабасына түскен соң, ол болған жайды өзi-ақ айтады;
  2. Балаңыздың қылығы үшiн мұғалiм сiздi шақыртып алса, өзара әңгiмеге баланы қатыстырмаңыздар.Үйге келген соң балаңыздың да пiкiрiн тыңдап барып, қателiктерiн жайлап түсiндiрiңiз;
  3. Мектептен келе сала баланы отырғызып қойып, сабаққа дайындалтпаңыз. Олар 2-3 сағат ойнап, демалған жөн, түсте ұйықтап тынықсын. Бесiн мезгiлi – сабаққа әзiрленудiң сәттi кезi;
  4. Бiр мезгiлде барлық сабаққа әзiрленудi талап етпеңiз. Әр сабаққа үзiлiс жасау арқылы әзiрленген дұрыс;
  5. Сабаққа әзiрленiп жатқан баланың желкесiнен төнiп тұрмаңыз. Дөрекi сөйлемеңiз. Одан да көмектесiп, бiрлесiп дайындалыңыз;
  6. “Егер сен сабақты орындамасаң” деп басталатын тәртiпке шақыру баланың жүйкесiне әсер етедi. Одан да өзiңiз кiрiсiп, жайлап жетектеп отырыңыз;
  7. Күнде жарты сағат ештеңеге алаңдамай балаларыңызбен емiн-еркiн, жақын тартып, әңгiмелесiп тұрыңыз;
  8. Балаңыздың көңiл-күйi нашар болса, басы ауырса, бiрден назар аударыңыз. Ол сабақтан зорығуы мүмкiн;
  9. Егер балаңыз айтқаныңызды тыңдамайтын болса, онда ұстазымен, психолог маманымен, дәрiгермен кеңесiңiз;
Халық даналығында :
“Баланы 5-ке дейiн патшадай тәрбиеле,
15-ке дейiн еңбекке  тәрбиеле,
15-тен кейiн ақылшың ретiнде ұста” деген керемет ұлағатты нақыл бар. Соны әрдайым басшылыққа алыңыз.

Ата-ананың бала тәрбиесіндегі психологиялық орны
/ата-аналарға дәріс/
         Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналылығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты бала» деген екен. Бала – өмірдің гүлі. Кез-келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірдің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреу даңқ пен атақтан іздестіреді. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Өйткені, бала – ата-ананың ақ тілегі бақыты. 
         Бала дамуына көптеген факторлар әсер етеді. Себебі оның дамуы күрделі процесс. Баланың дамуына табиғи және әлеуметтік орта ықпал жасайды. Некелік-отбасылық қатынас адамзаттың өзара қарым-қатынасында жетекші маңызға ие. Сондықтан жастарды бұл қарым-қатынасқа даярлау әрбір өркениетті қоғам үшін үлкен қызығу тудыратыны даусыз. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлшегі.
        Тәжірибеге қарағанда, баланың психологиялық тұрғыдан қалыпты дамуы отбасында дұрыс қарым-қатынастың болуына, отбасы мүшелерінің бірін-бірі ұнатуына, құрметтеуіне, отбасында еңбектің дұрыс жолға қойылуына байланысты екенін көрсетеді.   Мұндай ортада бала көңілді әрі қалыпты өсіп дамиды.  Кейде толық отбасының өзі баланың дұрыс қалыптасуына  негіз бола бермейді. Балалар бірдейі биологиялық, психологиялық заңдылық бойынша дамиды. Демек, отбасы өсіп келе жатқан тұлғаны қалыптастырады немесе бұзады, оның мүшелерінің психикалық денсаулығының нығайып немесе нашарлауы отбасы билігінде. Отбасы қауіпсіздік, бақыт, өзін қалыптастыруды құрылымдаушы. Отбасының негізі баланы өмірге әкелу ғана емес, оған мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірибесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмірге бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. 
«Қатты тәртіп көрсе бала күнде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан – 
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер – білім берем десең басынан, 
Бер оқуға балаларды жасынан,
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы – жаман болса бала – солардан» - деп ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күннен танып, соған қарай бағыт-бағдар, тәрбие берудің маңызы ерекше. Осы орайда «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үкен азамат деп сыйла» - деген қағидадан ата-бабамыздың баланың жасерекшелігіне ерекше көңіл бөлгенін байқаймыз. Қандайда болмасын жолдың алғашқы қадамынан басталатыны сияқты, адамның жеке тұлғасының қалыптасуы да отбасынан басталады. Отбасы бұл адамға өмірлік құндылықтар жайында түсінік беретін алғашқы ұжым. Адам қандай дәрежеге жетеді, жалғыз тұлға бола ма немесе адамгершілік тұрғыдан  кеміс болып қалыптасады ма, мұның бәрі көбіне ол адамның  балалық шағында қаншалықты, отбасы балаға ықпал етеді, оны қоғамдық өмірге жетелейді. Қарым-қатынас - адамзат өмірінің аса маңызды және негізгі сферасы болып, соның нәтижесінде тұлғааралық байланыс орнығып, өзара мәміле қалыптасып дамиды. Қарым-қатынас дегеніміз өзара пікір алмасу, сезім әлемінде бірлесіп ләззат алу, қайғы, қуанышта ортақтас болу секілді кең ауқымды эмоция спектілерін қамтиды.
    Қарым-қатынас барысында екі не бірнеше психологиялық жүйе, екі не бірнеше рухани әлем және ой-пікір, сана-сезім, мінез-құлық, қылық-жорықтар арасында келісім, не өзара түсіністік тұрғысында, не болмаса қақтығыс, талас-тартыс, қарама-қайшылық тұрғысындағы мәміле үрдісі іске асады. Отбасы қарым-қатынасында, олардың ішінен келісім, өзара түсіністік, бірінің екіншісіне бойсынуы, бірінің екіншісін құптауы секілді қарым-қатынасының қазіргі кездегі басты ерекшелігі – әр тұлғаның мейлі балалары, мейлі ересектері болсын, мағлұмат байлығы болып, өзара қарым-қатынас осы мағлұмат алмасу кезінде өте тығыз орнығуы ықтимал.
        Сонымен, отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғаш рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларын игереді. Сондықтан отбасылық өмір – жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Отбасы ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы – оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Ол бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланысты болуды өте жақсы түсінеді. Бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы ынтымақтастыққа негізделеді. Отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы.  Ата-ананың бала алдындағы міндетінің бірі өздерінің баққытты болулары. Егер ата-ананың өмірінде қиындықтар болса; жекелік, отбасылық немесе әлеуметтік – онда балалар мұндай ата-ананың  кеңестерін аз тыңдайды. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қарым-қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сіңімді және негізді.
      Қазіргі уақытта отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас баланың жеке тұлғасының, әсіресе оның мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екендігі белгілі. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ерекше және көрнекі түрде, әсіресе, бала тәрбиесінде көрінеді.
      Отбасылық тәрбие жүйесінің және «ана-бала» қарым-қатынасы үйлесімділігінің бұзылуы – балаларда невроз ауыруының пайда болуына себепші негізгі патогенетикалық фактор деген көзқарасқа кейбір ғалымдар ерекше көңіл бөледі.
       Баланың жеке тұлғасының отбасында қалыптасуы ата-ананың балаға қарым-қатынасы мен әртүрлі тәрбиеден басқа ата-анасының нұсқауларымен де анықталады. Олар баланың көптеген эмоциялық проблемаларының бастауы болуы мүмкін. Бұл жерде нұсқау деп жасырын, жанама бұйрықты түсіну керек. Ол ата-анасының сөздерінен не іс-әрекеттерінен ашық түрде байқалмайды, оны орындамағаны үшін бала ашық жазаланбайды, жанама түрде жазаланады (ата-анасының алдында өзін кінәлі сезіну. Тек нұсқауларды орындап қана бала өзінің «жақсы» екенін сезінеді. Нұсқау – бұл ата-ананың балаға деген жасырын жолдауы», ақыл айтуы.
       Баланың отбасындағы рөлі ата-ана мен бала қарым-қатынасындағы негізгі сұрақтардың бірі. Бала рөлі отбасы қарым-қатынасы жүйесінде әртүрлі болуы мүмкін. Оның мазмұны ата-ана қажеттілігін бала қаншалықты қанағаттандыратынымен анықталады. Бала қанағаттанғысыз жұбайылық қарым-қатынастың өтемі болуы мүмкін. Ондай кезде бала құрал рөлін атқарады, яғни баланы жұбайлардың бірі отбасындағы өзінің көзқарасын күшейту үшін пайдаланады. Егер осындай өтемақы және көзқарас күшейту  қажеттілігі қанағаттандырылса, онда бала отбасы табынатын еркеге айналады. Бала отбасының әлеуметтік мәртебесінің белгілі рөлін атқаруы мүмкін, яғни әлеуметтік саулығының символы болуы мүмкін (бізде бәрі елдегідей). Бала әлеуметтік тұсаукесер нысанының рөлінде, отбасының ыдырауына жол бермейтін байланыстырғыш элемент болады (біз тек сен үшін айырылыспай жүрміз). 
        Мұндай жағдайда балаға үлкен психологиялық жүктеме артылады да, ол эмоционалдық ширығуға әкеліп соғады. Отбасында отбасылық өмірдің дұрыс ұйымдаспауы, ұрыс-керіс, жиналған ашу-ыза, реніш, келеңсіздіктердің ұзақ уақытқа созылуының мәресі – ажырасу болып табылады.Отбасындағы жұбайлар көп жағдайда өздерінің ұзақ уақытқа созылған конфликтілерін ажырасу арқылы шешеді. Бала ата-анасының айрылысуына , егер ондай жағдай болып жатса, өзі себепкер болған шығармын деп есептей бастайды. Баланың отбасындағы жағдайы ата-анасы балаға отбасында қандай рөл ойнауды жүктегенімен сипатталады. Бала мінез-құлқының қалыптасуы рөлдің сипатына, орнына және функционалдық толықтығына байланысты болып келеді.
         Баланың жақсы тәрбиелі, қоғамда өзінің орны бар үлкен азамат болып өсуіне отбасының рөлі өте жоғары. Біз отбасында баланы тек қана материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, баланың психологиялық жай-күйіне, қызығушылықтарына , жек тұлғалық қасиеттеріне мән беруіміз керек. 
        Баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, соған сәйкес қарым-қатынас жасалғандығы дұрыс. Отбасындағы барлық жағдайлар балаларға психологиялық жағынан кері әсерін тигізеді. Баланың отбасында тәрбиеленуіне анасымен бірге әкесінің де жауапкершілігін ұмытпағанымыз дұрыс. Бала ата-анасымен бірге толыққанды отбасында өмір сүрген жағдайда әлеуметтік ортада өзін сенімді ұстай алады. Қазақ халқында «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Отбасы бала үшін маңызды орныда екенді ұмытпай, біз болашақ ұрпағымызды Қазақстанға адал қызмет ететін, білімді де білікті, тәрбиелі азамат етіп өсіру міндетіміз.



Бала тұлғасын қалыптастырушы басты ұстазы – ата-анасы
/ата-аналарға кеңес/

  1. Баланың берген жауабына шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз
  2. Балаңыздың жеке бөлмесі не бір бұрышы болуына жағдай жасаңыз
  3. Балаңыз шығармашылық іс-әрекетпен айналысып отырса шашылып жатқан үстеліне ұрыспаңыз
  4. Шешім қабылдауда өзіндік жеке жоспар құруына көмек көрсету
  5. Балаңыздың кемшіліктерін бетіне басып, басқа балалармен оны салыстырмаңыз
  6. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз
  7. Отбасы шешетін мәселелерге балаңызды қатыстырып, оның жеке басының ой-пікірімен санасыңыз
  8. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз
  9. Баланың әрбір жетістігі үшін оны мақтап отырыңыз
  10. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз
  11. Қиын нәрселерді тауып және оны өзбетімен, жауапкершілікпен шешуге балаңызға көмек көрсетіңіз
  12. Балаңызды жетістікпен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзссіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз
  13. Балаңызбен бірге әңгімелер, ертегілер, фантастикалық оқиғалар құрастырып, баланың шығармашылық қабілетінің дамуына жағдай жасаңыз
  14. Балаңыздың сүйікті ісіне керек кітап, ойын, т.б құралдармен қамтамасыз етіңіз
  15. Балаңыздың алған негізгі ісінің ойдағыдай орындалуына сеніміңіз болмаса да, сол істі өзі аяқтауына жағдай жасаңыз
  16. Бала өз жұмысын көрсете алатын стенд жасап қойыңыз
  17. Істеген жұмысының нәтижелі болуына көмектесіңіз
  18. Баланың қойған талабына ерекше көңілмен қараңыз
  19. Балаңыздың өткір ойлығына сеніп, әрдайым сенім артыңыз




Ерте жүктілік немен қауіпті?
/ата-аналарға дәріс/
Ерте жүктілік деп 13-19 жаста болатын жүктілікті айтады. Осы уақытта қыз балаларда өтпелі жас кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу жүреді. Медицинада 18 жасқа дейін болған жүктілік ерте жүктілік деп саналады.
     Ерте жүктілік немен қауіпті?
Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді –жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме артылады. Бұның қиындығы жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгені. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес.
Ерте жүктіліктен қалай сақтануға болады?
Ерте жүктіліктің негізгі проблеммасы бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жеткіліксіз болуы, не болмаса тәрбиенің мүлдем жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бірақ бұл дұрыс емес. Негізінен, жоспарланбаған жүктіліктің 90%-ы отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты келеді. Яғни ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала әдейі бәрін керісінше істейді. Сол үшін қызды бала кезінен өзімізге сендіріп, оған анадан артық жақын адам жоқ екендігін ұғындырып өсіргеніміз абзал. Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыру артық етпейді. Егер ол жүктілікке әзір болмаса, жүктіліктен сақтанудың  жолынан толық ақпараттанғандығы дұрыс. 
Ерте жүктіліктің қандай профилактикасы бар?
Проблемамен күресудің ең үздік тәсілі – проблемадан сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтанудың тәсілдері туралы ата-ана қыздармен жиі әңгімелесу керек. Қызыңызға жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқытыңыз. Қыз бала ерте жыныстық қатынастың салдары, қаупі туралы ақпараттануы керек. 
Тұрмысқа шықпай жатып, ерте жыныстық қатынасқа түскен қыздар бала көтеру қабілетінен айырылады. Сондай-ақ түрлі жұқпалы ауруға шалдығады. Мамандардың айтуынша, жыныстық  қатынастың құрбанына ауылдан келген қыздар жиі ұшырайды. Себебі, әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасында ашық әңгіме, сырласу жүрмейді. Ата-ана кәмелеттік жасқа толмаған ұл-қызына жыныстық қатынастан сақ болып, аяғын аңдап басу керектігін үнемі ескертіп отыру керк. Сонда өкінішті жағдай орын алмас еді.
Ерте жүктіліктің нәтижесі.
Бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды, көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса жақсы) жас ана тығырыққа тіреледі: білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды. Осының бәрі жалғыз бір жас анаға ауыр болғандықтан, көп жағдайда аналар баласын балалар үйіне өткізіп жатады. Ал бұл өкінішке орай, ерте жүктілік салдарынанболатын, жиі кездесетін оқиға.

      Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп айтуға болмайды. Өйткені, олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды деген кепілдік ешкімде жоқ. Ешкімде алдында қандай қиыншылық күтіп тұрғанын болжай алмайды. Әр адамның басында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Ол алланың сыны деп айтуымызға болады. Алайда, осындай қиындықтардан шығудыңда түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатыгездікке, қателікке бой алдырып жатады.
Аналар қыз балаға мұндайды айтуды ұят санайды. Анасы, әпке, жеңгелері қыз баламен бұл тақырыпта сырласуы керек. Қыз баланың анасымен қарым-қатынасы  жақын болмағандықтан, қыздар анасына бұндай тақырыпты айтуға жасқанады.
Бойжеткен қыздың қылығы көп, сондықтанда қызбаланың тәрбиесіне ананың ерекше мән бергені жөн. Қыз анасымен сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойларымен әрдайым бөлісіп отырса, жамандыққа жолықпайды. Қыздың ең бірінші ұстанымы -  қыз деген атқа лайық болуы. 





















«Баланың сабаққа деген мотивациясын қалай көтеруге болады?»
/ата-аналарға кеңестер/ 
  • Баламен білім алудың маңыздылығын талқылаңыз.
  • Баланың алдына нақтылы мақсаттар қоюына көмектесіңіз (неге қол жеткізу керек, білімді қалай алу керек)
  • Баланың сол мақсатқа жету жолын бірлесе анықтап алыңыз
  • Оқу үрдісі кезінде баланың нәтижелі білім алуына көмектесіңіз
  • Балаға үнемі қолдау көрсетіп отырыңыз. Жақсы сөздер айтыңыз, кеңестер беріңіз.
  • Күнделікті жаңа білім алуына ынталандырып, белсенділіктерін арттырыңыз.
  • Баламен тығыз байланыста болып, білім алуына араласа жүріп,  білім алуын бірлесе іске асыруға тырысыңыз
  • Баланың жағымды әрекетіне қолдау көрсетіп, жағымсыз әрекетіне шектеу қойыңыз.
  • Балаңызға сіздің қолдауыңыз керек. Бұйрық беріп, айқайлау баланың эмоционалды жағдайын нашарлатады.
  • Сабақтан соң баланы мадақтаудың әдісін ойлап табыңыз. Оған мотивация болатындай нақтылы іс-әрекетін мақтаңыз.

Педагог-психолог: Мольтишев А.Ш










«Балаңыздың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятуға болады?»
/ата-аналарға кеңестер/ 

  • Құрметті ата-ана,  балаңыздың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін, балаңыздың кітап оқуға қызығушылығын оятыңыз.
  • Үйде балалардың жасерекшелігіне байланысты кітаптар болуы қажет.
  • Бала қызығатындай кітаптар жинақтауға тырысыңыз. Сол кітаптардағы әңгімелер жайлы айтып, балаңыздың қызығушылығын оятыңыз.
  • Кітаптарды көрнекі жерге қойыңыз.
  • Балаға кітап оқуды ұсынбас бұрын, алдымен өзіңіз кітап оқыңыз, бала сіздің кітап оқығандығыңызды көруі керек.
  • Кітап оқып отырып, күліп, сөйлеген кезде, оқыған кітаптарыңыздағы әңгімелерден мысалдар келтіріп сөйлеп,  барлығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыныңызды балаға көрсетіңіз.
  • Оқыған қызықты оқиғалармен, мысалдармен баламен бөлісіңіз, баланың пікірін білдіруіне жағдай туғызыңыз.
  • Баламен бірге сөзжұмбақ шешіп, жұлдызнама оқып, әзіл-сықақ оқуына көңіл бөліңіз. Сонда балаңыздың кітап оқуға қызығушылығы оянып, кітап оқуға дағдылана бастайды.
  • Балаға ұзақ туындылардан гөрі, қысқа, қызықты әңгімелер ұсыныңыз. Ол тез оқып тауысқанда қуанатын болады, ұзақ шығармадан жалығып кетеді.
  • Бөлмеде дауыстап оқығысы келсе, соған жағдай жасаңыз, сонда баланың өзіне сенімділігі артады.
Құрметті ата-аналар! Бұл кеңестер баламен жұмыс барысында сіздерге көмек ретінде ұсынылады. 

Мекен жайымыз
Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Үшқайың ауылы, Т.Абдолдаұлы көшесі, үй 6

©2016-2021, Ресми сайт Алакөл ауданы бойынша білім бөлімінің "Ә.Әлімжанов атындағы орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар" КММ
Барлық құқық қорғалған "Интерактивті мектеп" жобасы. Техникалық қолдаушы "Internet service" +77075327722,tangatarov13@mail.ru